Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өрт қауіпті кезеңге дайындық шаралары жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі ретінде парк бас директорының орынбасары А.Д. Аугонбаев, орман патолог-инженері С.О. Қасымбеков және Катонқарағай авиациялық бөлімшесінің басшысы В.В. Василков бірлесіп EC-145 тікұшағы арқылы әуеден бақылау жұмыстарын жүргізді.
Әуе мониторингі барысында ұлттық парк аумағының орманды және таулы аймақтары толық қамтылып, табиғи ландшафттың қазіргі жағдайы, қар жамылғысының еру деңгейі, өсімдік жамылғысының құрғау белгілері мен ықтимал өрт ошақтарының туындау қаупі жан-жақты зерделенді. Сонымен қатар, инспекторлар үшін қолжетімсіз немесе жетуі қиын учаскелерге ерекше назар аударылды.
Авиарейд барысында орман өрттерінің алдын алу мақсатында өртке қарсы су қоймаларын тиімді орналастыру мәселесі анықталды. Су көздерінің нақты координаттары анықталып, оларды EC-145 тікұшағындағы су төгу құрылғысымен пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл өз кезегінде өрт орын алған жағдайда алғашқы минуттарда жедел әрекет етуге және жалынның таралуын барынша шектеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, рейд барысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылым нысандарының жай-күйі тексеріліп, қосымша алдын алу шараларын күшейту қажеттілігі атап өтілді. Мамандар табиғи аумақта өрттің алдын алу тек техникалық дайындықпен ғана емес, сонымен қатар тұрақты мониторинг пен үйлесімді әрекетке байланысты екенін жеткізді.
Аталған шараның басты мақсаты — өрт қауіпті кезеңге дайындық деңгейін арттыру, табиғи экожүйелерді сақтау және ұлттық парк аумағында туындауы мүмкін төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді әрекет ету. Мұндай кешенді жұмыстар өңірдің биоалуантүрлілігін қорғауға және табиғи мұраны сақтауға бағытталған.



