Катонқарағай ұлттық паркінің тылсым табиғатынан әсерлі сәттер
Катонқарағай ұлттық паркінің Чернова орманшылығында орнатылған фототұзақ биыл жаз айларында ерекше қонақтарды – марал мен суырды түсіріп алды! Бұл тамаша кадрлар адам көзінен таса қалып, табиғат аясында бейқам өмір сүріп жатқан жануарлар әлемін жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Фототұзақтар жануарлардың өмір сүру аймағын бақылауға және табиғи популяцияларының жағдайын бағалауға көмектеседі. Осы бейнелер арқылы біз Катонқарағайдың көркем табиғатын, оның тіршілік иелерін сақтау қажеттігін терең сезінеміз.
Катонқарағай ұлттық паркінің жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімі жүргізген соңғы санақтарға сәйкес, қазіргі таңда парк аумағында шамамен 440 марал және 9000-ға жуық суыр тіршілік етуде. Бұл санаттар жыл сайын тіркелген деректермен тексеріліп, жануарлардың санын бақылау, олардың табиғи ортасының жағдайын бағалау мақсатында жүргізіледі.
Катонқарағай ұлттық паркі – тек көркем табиғат емес, сонымен қатар еліміздің биоалуантүрлілігін сақтау үшін маңызды орын. Осындай табиғат байлығын қорғау, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Бұл тек қазіргі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақтың да ортақ құндылығы мен қазынасы болары анық.