Катонқарағай ұлттық паркінде кезекті “Таза Қазақстан” акциясы өткізілді.
Бұл жолы шара табиғатты көгалдандыруға арналды. Ұлттық парк қызметкерлері мен “Кедр” мектеп орманшылығының оқушылары сібір шыршасының тұқымдарын отырғызу жұмыстарын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында мектеп оқушыларына ағаш отырғызу технологиясы мен сібір шыршасының биологиялық ерекшеліктері түсіндірілді. Сонымен қатар, бұл ағаштардың аймақтың экожүйесін жақсартуға және ормандардың табиғи биоәртүрлілігін арттыруға қосатын үлесі талқыланды. Сібір шыршасын отырғызу – ормандарды қалпына келтіру мен олардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам. “Кедр” мектеп орманшылығы оқушылары осындай акцияларға қатысу арқылы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, табиғи байлықтарды сақтау идеясына үлес қосуда.
“Таза Қазақстан” – еліміздің экологиялық болашағын жақсарту жолындағы маңызды бастама. Әрбір отырғызылған ағаш болашақ ұрпақ үшін жасалған үлкен қадам!