Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысты
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 қызметкері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына белсене қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғи аумақтардың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Акция барысында ұлттық парк қызметкерлері парк аумағы мен оған іргелес жерлерді тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Жиналған қоқыс сұрыпталып, арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Сонымен қатар қатысушылар табиғатты таза ұстаудың маңыздылығына назар аударып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.
Катонқарағай ұлттық паркі табиғи кешендерді сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау және экологиялық ағарту жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Осындай экологиялық акциялар табиғатты қорғау ісіне қоғамның назарын аударып қана қоймай, тұрғындар мен жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғи байлықтарды келешек ұрпаққа аман жеткізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – барлығымыздың ортақ мақсатымыз. Сондықтан әрбір адамның табиғатқа жанашырлықпен қарап, тазалықты сақтауға үлес қосуы аса маңызды.
Катонқарағай ұлттық паркі алдағы уақытта да табиғатты қорғауға бағытталған экологиялық акциялар мен қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып, өңірдің бірегей табиғи мұрасын сақтау жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді.



