AA+
AA+

     Табиғат — адамзаттың алтын бесігі, ал оны сақтап қалу — келешек ұрпақтың басты міндеті. Бүгін Оралхан Бөкей атындағы Белқарағай орта мектебінің қабырғасында ерекше мазмұнды шара өтті. Халықаралық «Парктер шеруі — 2026» табиғатты қорғау акциясы аясында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары мектеп ұжымымен бірлесе отырып, «Табиғат — жарқын болашақ» атты кең ауқымды ашық сабақ ұйымдастырды.

Бұл шараның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыру. Сабақ барысында ұлттық парк қызметкерлері оқушыларға Алтайдың інжу-маржаны саналатын Катонқарағай өңірінің бірегей табиғаты туралы тың мәліметтерді бөлісті.  Оқушылар өлкеміздегі «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін флора мен фауна өкілдерін қорғаудың маңыздылығын ұғынды. Әсіресе, қар барысы, алтай ұлары және сирек кездесетін өсімдіктердің экожүйедегі орны туралы қызықты деректер айтылды. Қоршаған ортаны ластамау, қалдықтарды сұрыптау және табиғатта өзін-өзі ұстау ережелері бойынша интерактивті пікірталас өтті.

     Мамандар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жұмыс барысы және олардың экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы рөлі туралы баяндап берді. Мектеп мұғалімдері мен ұлттық парк өкілдерінің мұндай бірлескен іс-шаралары теориялық білімді практикалық мазмұнмен толықтыра түседі. Оқушылар тек тыңдап қана қоймай, өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, табиғатты қорғауға бағытталған түрлі жобаларға қызығушылық танытты.


«Табиғатты бүгіннен бастап қорғамасақ, ертең кеш болуы мүмкін» деген ұран сабақтың түйінді ойына айналды. Біздің болашағымыздың тазалығы мен байлығы — бүгінгі жастардың қолында.