Тәжірибе алмасу мақсатында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Жабас Найман Ғалымқұлы арнайы іссапармен келді.
Катонқарағай (Шығыс Қазақстан облысы) мен Жаңаөзен (Маңғыстау облысы) арасын шамамен 3000 шақырым бөліп тұрғанына қарамастан, жер бедері, табиғи-климаттық жағдайы, биологиялық алуантүрлілігі мүлде өзгеше ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мамандары ғылыми зерттеулер, табиғатты қорғау және экологиялық ағарту бағыттарында өзара тәжірибе алмасуды жалғастырып келеді.
Екі жұмыс күні ішінде әріптесіміз ұлттық парктің екі филиалының жұмысымен танысып, мемлекеттік инспекторлардың патрульдік-рейдтік қызметіне қатысты, саябақтың ең танымал туристік бағыттарын аралап көрді. Сонымен қатар, Катонқарағай ұлттық паркінде жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары мен нәтижелері жөнінде жан-жақты ақпарат алды.



