AA+
AA+

«Парктер шеруі – 2026» халықаралық табиғатты қорғау акциясы аясында Қабырға негізгі орта мектебінде мазмұнды әрі танымдық ашық сабақ-көрме ұйымдастырылды!

Іс-шараның басты мақсаты — оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулу және тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы табиғатты қорғау идеясын насихаттау болды. Ашық сабақ барысында ұстаздар оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және оларды екінші рет пайдалану туралы кеңінен ақпарат берді.

Оқушылар мен ұстаздар бірлесе отырып «заттарға екінші өмір сыйлау» тақырыбында түрлі креативті жұмыстар дайындап, көрмеге ұсынды. Әрбір жұмыс ерекше идеяға негізделіп, қарапайым заттарды пайдалы әрі әдемі бұйымға айналдырудың нақты үлгісін көрсетті. Күнделікті тұрмыста қолданылып болған пластик, қағаз, мата, шыны секілді материалдарды қайта пайдалану арқылы оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, табиғатты қорғаудың маңызын терең түсінгендерін дәлелдеді.

Көрмеде пластик бөтелкелерден жасалған гүл құмыралары, сәндік бұйымдар, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған қолөнер туындылары, қағаздан және басқа да қайта өңделетін материалдардан жасалған түрлі композициялар ұсынылды. Әрбір бұйымның артында оқушының еңбегі, қиялы және табиғатқа деген жанашыр көзқарасы айқын көрініс тапты.

Шара барысында оқушылар өз жұмыстарын таныстырып, оларды жасау процесі мен қолданылған материалдар туралы айтып берді. Бұл өз кезегінде балалардың сөйлеу дағдыларын дамытып, экологиялық тақырыпта еркін ой бөлісуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мұндай тәжірибелік жұмыстар оқушылардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, ұқыптылық пен үнемшілдікке тәрбиелейді.

Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың бойында экологиялық жауапкершілікті қалыптастырады. Қоршаған ортаны қорғау — әрбір адамның ортақ міндеті екенін ұғындыруда мұндай бастамалардың маңызы зор.