AA+
AA+

«Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясы аясында Жанболат Батталович, Катонқарағай ұлттық табиғи паркі бас директоры, Үлкен Нарын аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізіп, мазмұнды дәріс оқыды.

Аталған шараның басты мақсаты – жас буынның экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және табиғатты қорғау мәселелеріне бейжай қарамауға шақыру болды. Дәріс барысында қазіргі таңда өзекті болып отырған тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі кеңінен қозғалып, оларды сұрыптау, қайта өңдеу және дұрыс жою жолдары туралы жан-жақты түсіндірілді.

Сонымен қатар, табиғатты қорғау ісінің маңыздылығы, ұлттық парктердің экожүйені сақтаудағы рөлі, биоалуантүрлілікті қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері де кеңінен сөз болды. Бас директор өз сөзінде табиғатты аялау – тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, экологиялық мәселелерді шешудегі жастардың рөлі, қоқыссыз өмір салтына көшу, еріктілік қозғалыстарға қатысу сияқты тақырыптарда пікір алмасу өтті. Әрбір сұраққа нақты әрі мазмұнды жауаптар беріліп, жастарға пайдалы кеңестер ұсынылды.

Мұндай кездесулер студенттердің табиғатқа деген жанашырлығын арттырып қана қоймай, олардың экологиялық сауаттылығын көтеруге, қоршаған ортаны қорғау бағытында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді. Шара соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, осындай пайдалы кездесулердің жиі ұйымдастырылуы қажеттігін атап өтті.