Табиғаттың тылсым құпиясы!
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Бұқтырма өзенінің алқабынан өте сирек кездесетін ерекше құс байқалды. Бір қарағанда бұл кәдімгі шауқарға (галка) сияқты көрінгенімен, оның қауырсын жамылғысы өзгеше болғандықтан бірден назар аудартады.
Бұл ерекше құсты алғаш рет биылғы жылдың сәуір айында Еңбек ауылының тұрғыны Серікбол Абдошев байқап, ұялы телефонына түсіріп алған. Бірнеше жылдан бері ауыл маңынан көрінетін осы ерекше құстың қандай түр екенін анықтау мақсатында ол жұртшылыққа жүгінген болатын. Кейін бұл ақпарат ұлттық парк мамандарына да жетті.
Алайда осыған дейін Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері Владимир Михайлович Воробьев аталған құсты бақылап, суретке түсіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде бұл құстың ерекше түсі лейцизм деп аталатын сирек генетикалық мутацияның әсерінен қалыптасқаны анықталды.
Құстың қауырсынында ақ түс басым болғанымен, қанаттарындағы екінші реттік және ішкі бірінші реттік қалықтау қауырсындары қара түсті сақтап қалған. Соның нәтижесінде қанаттарында анық байқалатын екі жалпақ қара жолақ қалыптасқан. Сонымен қатар маңдай бөлігінде және қанаттарының кейбір тұстарында жеке қара қауырсындар кездеседі. Құйрық қауырсындарының ұшында қоңырқай дақтар байқалады. Ғалымдардың назарын аударған тағы бір ерекшелік – құстың тұмсығы қалыпты шауқарғаларға қарағанда ұзынырақ әрі жарық түсті үшкір ұштарымен ерекшеленеді.
Қызықты дерек:
Лейцизм – жануарлардың қауырсындары, жүні немесе терісіндегі пигменттердің ішінара жоғалуына әкелетін генетикалық мутация. Альбинизмнен айырмашылығы, лейцизм кезінде көздің табиғи түсі сақталады. Мұндай құбылыс табиғатта өте сирек кездеседі.
Ғылыми қызметкер В.М. Воробьев осы тақырып бойынша Катонқарағай ұлттық паркінің аумағындағы қарғалар тұқымдасына жататын аномальды түсті құстар туралы ғылыми мақала жариялаған. Онда шауқарға мен қара қарғадағы лейцизм құбылыстары сипатталған.
Мұндай сирек кездесетін табиғи ерекшеліктер ұлттық парктің биоалуантүрлілігін көрсетіп қана қоймай, табиғаттағы генетикалық өзгерістерді зерттеу үшін де маңызды ғылыми дерек болып табылады. Сондықтан парк мамандары осындай әрбір жағдайды тіркеп, бақылауға алады.
Табиғат бізді таңғалдырудан ешқашан жалықпайды. Кейде ең ерекше жаңалықтар дәл өзіміздің жанымыздан табылады!



