2025 жылғы 8 сәуір күні Алтай филиалының директоры Азамат Мұбараков, мекеменің инспекторлары Қабырға негізгі орта мектебінде ашық экологиялық сабақ өткізді. Шара «Парктер шеруі – 2025» табиғатты қорғау акциясы аясында ұйымдастырылды. Сабақ барысында оқушыларға қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі, ұлттық парктің қызметі, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер туралы кеңінен мағлұмат берілді.
Балалар табиғат байлығын сақтау мен оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын түсініп, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті тереңірек сезінді. Инспекторлар оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өз қызметтерінің ерекшеліктері туралы айтып берді. Сонымен қатар, ұлттық паркте жүргізіліп жатқан табиғат қорғау жұмыстары туралы бейнематериалдар көрсетілді.
Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін арттыруға және табиғатқа деген жанашырлықты тәрбиелеуге ықпал етеді. Катонқарағай ұлттық паркі алдағы уақытта да осындай танымдық іс-шараларды өткізіп, балалар мен жастар арасында экологиялық білімді насихаттауды жалғастырады.