«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Катонқарағай ұлттық паркінің мемлекеттік инспекторлары парк аумағында ауқымды санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді. Табиғи ортаның тазалығын сақтау, келушілер үшін қолайлы жағдай жасау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға парк қызметкерлері белсенді түрде қатысты.
Акция барысында парк аумағындағы автомобиль жолдарының бойлары, туристер жиі баратын демалыс орындары, бақылау алаңдары, сондай-ақ туристік бағыттарға жақын аумақтар қоқыстан тазартылды. Инспекторлар мен қызметкерлер табиғи ландшафттардың тазалығын қамтамасыз ету үшін тұрмыстық және өзге де қалдықтарды жинап, арнайы орындарға шығарды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы көлемі 905 кг тұрмыстық қалдықтар жиналып шығарылды.
Тазалық жұмыстарымен қатар ұлттық парк аумағын туристік маусымға дайындау шаралары да жүзеге асырылды. Атап айтқанда, келушілерді қабылдауға арналған инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы тексеріліп, демалыс алаңдары мен туристік бағыттар ретке келтірілді. Ақпараттық стендтер, бағыттаушы белгілер және басқа да қызмет көрсету нысандары қаралып, қажетті жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар парк қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың табиғат аясындағы демалысын барынша жайлы етуге бағытталған.
Катонқарағай ұлттық паркі табиғатты қорғау және қоршаған ортаның тазалығын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін еске салады. Парк әкімшілігі тұрғындар мен қонақтарды демалыс кезінде қоқыс қалдырмауға, табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға және тазалық мәдениетін сақтауға шақырады. Табиғатты аялау мен оны келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.



