AA+
AA+

    Бүгін Катонқарағай ұлттық паркі «Айгөлек» балабақшасында өткен облыстық семинарға қатысты. Аталмыш шараға көршілес аудандардың білім бөлімдері өкілдері келіп, ұлттық парктің қызметіне арналған көрнекі бұрышпен танысты. Табиғатты қорғау тақырыбындағы тәрбиеленушілердің қолдан жасаған бұйымдары ерекше назар аудартты. Бұл — ұлттық парк пен балабақша арасындағы ұзақ жылғы ынтымақтастықтың жемісі. Айта кетейік, «Айгөлек» пен Катонқарағай ұлттық паркі арасындағы әріптестік 2011 жылдан бастау алады. Сол уақыттан бері табиғатты аялауға бағытталған түрлі акциялар, сабақтар мен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Инженер-эколог Қарагөз Тоқтарханова экологиялық ағартудың бала кезден басталуы маңызды екенін атап өтті. Ал саяткер-биолог Мәди Елубаев Катонқарағай өңірінің бай флорасы мен фаунасы жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Катонқарағай ұлттық паркі — тек табиғи аймақтарды қорғау мекемесі емес, сонымен қатар үлкен ағартушылық миссияны арқалап отырған ұйым. Табиғатқа деген сүйіспеншілік бала жастан басталады, ал дәл осындай кездесулер арқылы болашақ ұрпақтың экологиялық санасы қалыптасады деп сенеміз.