AA+
AA+

Кейде бүкіл ұлттық паркті көру үшін сыныптан шығудың да қажеті жоқ.

Бүгін эко-сыныпта Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушыларымен мазмұнды әрі танымдық кездесу өтті. Кездесу барысында Серик Конурбаев және Дархан Болатқановпен бірге заманауи технологиялардың көмегімен ұлттық парк аумағына виртуалды саяхат жасап, оның бірегей табиғи байлықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды.

Виртуалды тур барысында оқушылар парк аумағындағы ең көрікті жерлерді, табиғи ландшафттардың алуан түрлілігін, сондай-ақ жыл сайын мыңдаған туристерді өзіне тартатын негізгі нысандарды тамашалады. Әсіресе, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экологиялық маңызы, биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстар және табиғатты қорғаудың өзекті мәселелері кеңінен әңгімеленді. Кездесу еркін форматта өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың табиғатқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жерге деген жауапкершілік сезімін күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, ұлттық парк қызметінің қыр-сырымен танысу арқылы оқушылар болашақ мамандық таңдауда да ой түюге мүмкіндік алады.

Мектеп бітіруге де аз ғана уақыт қалды. Алда — жаңа белес, жаңа мүмкіндіктер мен маңызды шешімдер кезеңі. Осы орайда әрбір түлекке алға қойған мақсаттарына сеніммен қадам басып, өздері қалаған оқу орындарына түсулеріне тілектеспіз. Болашақта ел дамуына үлес қосатын, білікті де білімді маман болып қалыптасуларына шын жүректен сенім білдіреміз.