Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлар дүниесін зерттеу бағытындағы ғылыми жұмыстар жалғасуда. Ұлттық парктің ғылым бөлімінің басшысы Алия Габдуллина Қазақстан және Ресей ғалымдарымен бірлесіп, Катонқарағай аумағында мекендейтін жарқанаттардың түрлік құрамы, биіктік белдеулер бойынша таралуы және қоректену ерекшеліктеріне арналған ғылыми мақала жариялады.
«Bats of the Katon-Karagay National Natural Park (Kazakhstan Altai) and the first data of their altitudinal distribution and diet» атты ғылыми еңбек 2026 жылғы 15 тамызда халықаралық Acta Biologica Sibirica ғылыми журналында жарық көрді. Зерттеу авторлары – Ирина Баева, Дмитрий Смирнов, Сергей Титов және Алия Габдуллина.
Зерттеу барысында Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы жарқанаттар фаунасына кешенді зерттеу жүргізілді. Ғалымдар Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында жарқанаттардың алты түрінің кездесетінін нақты растады. Олар: Myotis petax, Myotis sibiricus, Myotis ikonnikovi, Eptesicus (Cnephaeus) nilssonii, Vespertilio murinus және Plecotus ognevi.
Сонымен қатар зерттеу барысында Қазақстан аумағында бұған дейін Батыс Алтайда бір рет қана тіркелген Murina hilgendorfi түрі анықталды. Ғалымдар Қытаймен шекарадан 28 шақырым қашықтықта Murina туысына жататын ерекше дарақты да кездестірген.
Ғылыми жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – жарқанаттардың тек түрлік құрамын анықтаумен шектелмей, олардың көбею ерекшеліктері туралы жаңа мәліметтердің алынуы. Зерттеу аумағында Plecotus ognevi, Murina hilgendorfi және Myotis petax түрлерінің көбейетінін растайтын деректер тіркелді.
Бақылау нәтижесінде Plecotus ognevi зерттелген биотоптардың басым бөлігінде кездескен және теңіз деңгейінен едәуір биік аумақтарда да тіркелген ең кең таралған түр ретінде анықталды.
Зерттеудің тағы бір бағыты жарқанаттардың қоректену ерекшеліктеріне арналды. Жалпы жеті түрдің қоректік спектрі зерттеліп, олардың рационында өрмекшітәрізділермен қатар жәндіктердің сегіз отрядының өкілдері кездесетіні анықталды. Олардың арасында көбелектер, қоңыздар, қосқанаттылар және басқа да жәндіктер бар. Көптеген жарқанат түрлерінің қорегінде көбелектер негізгі орын алатыны белгілі болды.
Бұл зерттеу Катонқарағай ұлттық паркінің биологиялық алуантүрлілігі туралы ғылыми мәліметтер қорын толықтырып, Қазақстан Алтайындағы жарқанаттардың таралуы, биіктік белдеулерді игеруі, көбеюі және қоректенуі жөніндегі жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізді.
Жарқанаттар – табиғи экожүйелердің маңызды бөлігі. Оларды жүйелі зерттеу түрлердің таралу аймағын нақтылауға, популяциялардың жағдайын бағалауға және табиғи мекендерін қорғауға бағытталған ғылыми негізделген шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жануарлар дүниесін зерттеу және табиғи экожүйелердің жай-күйіне ғылыми мониторинг жүргізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Ғылыми мақаламен толық танысуға болады:
https://journal.asu.ru/biol/article/view/20089
Фото: Ирина Баева



