Сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар қар барысы қайтадан Катонқарағай ұлттық паркінің Аршаты орманшылығында фототұзақ объективіне түсті. Бұл ерекше кадрлар 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта түсіріліп, табиғаттың таңғажайып сұлулығын айшықтап берді.
Аталмыш оқиға – табиғатты қорғау жолындағы үлкен жетістіктің көрінісі. Бұл табысқа Аршаты орманшылығының инспекторы Жомарт Карибаевтың зор үлесі бар екенін ерекше атап өткіміз келеді. Жануарлардың тіршілік ету ортасын мұқият зерттеп, фототұзақтарды дәл таңдаған орындарға орнату оның кәсібилігін көрсетеді. Мұндай қажырлы еңбектің арқасында қар барысының өмірін табиғи ортада бақылауға мүмкіндік туып отыр.
Қар барысы – Алтай тауының мақтанышы әрі символы, табиғатымыздың асыл қазынасы. Оның әр көрінісі – жабайы табиғаттың баға жетпес мұрасы екенін еске салады. Осындай сирек кездесетін жануарларды қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Табиғатқа жанашырлықпен қарап, оның байлығын сақтау – келешек ұрпақ алдындағы парыз.