Өскемен қаласындағы «Жұлдыз» өнер мектебінде «Көшпенділер мен малшылар» тақырыбындағы балалар шығармашылығы байқауы жеңімпаздарының көрмесі өтті. Байқауды Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Үлкен Алтай» трансшекаралық биосфералық резерваты аясындағы экологиялық-ағартушылық жұмыстар шеңберінде ұйымдастырды.
Байқаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, балаларды көшпенділердің дәстүрлі өмір салтымен, мал шаруашылығы мәдениетімен және табиғатпен үйлесімді өмір сүру құндылықтарымен таныстыру, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін қолдау.
Байқауға қатысқан жас суретшілер өз жұмыстарында көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін, дәстүрлі мал шаруашылығын, туған өлкенің табиғатын, жануарлар дүниесін және ұлттық салт-дәстүрлерді бейнеледі. Балалардың әрбір туындысында табиғат пен адам арасындағы байланыс, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарға құрмет көрініс тапты.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстар Өскемен қаласындағы «Жұлдыз» өнер мектебінде ұйымдастырылған арнайы көрмеге қойылып, мектеп оқушылары мен ұстаздарының назарына ұсынылды.
Іс-шара барысында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері байқау жеңімпаздарын құттықтап, оқушыларды марапаттады және естелік сыйлықтар табыстады. Жас суретшілердің шығармашылық ізденісі мен табиғатты қорғау тақырыбына қызығушылығына ерекше назар аударылды.
Осындай шығармашылық жобалар балаларға экологиялық білім берудің маңызды құралдарының бірі болып табылады. Өнер арқылы жас ұрпақ туған өлкенің табиғи және мәдени мұрасын тереңірек танып, оны сақтаудың маңызын түсінеді.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Үлкен Алтай» трансшекаралық биосфералық резерваты аясында экологиялық ағарту, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақты ортақ табиғи мұраны сақтауға тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.



