Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімінің аға ғылыми қызметкері Болботов Глеб Александрович Алтай мемлекеттік университетінің (Барнаул, Ресей) ғалымдарымен бірлесіп, Қазақстан Алтайынан табылған сүттігеннің жаңа түріне арналған ғылыми мақаласын жариялады.
Euphorbia L. s. l. (сүттіген) туысы жабықтұқымды өсімдіктер арасындағы ең ірі туыстардың бірі саналады. Оның құрамында әлем бойынша 2000-нан астам түр бар. Ал Алтай таулы аймағында осы туыстың 40-тан астам өкілі кездеседі.
Ерекше жаңалық — жаңа түрдің өткен жылы Марқакөл өңірінде, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми бөлімі Шығыс Қазақстан аумағында жүргізген экспедициялары барысында табылуы.Жаңа өсімдік түріне Euphorbia туысын жүйелеу саласының көрнекті маманы, биология ғылымдарының докторы Дмитрий Викторович Гельтманның құрметіне атау берілді.
Жаңа түрдің анықталуы — Қазақстан Алтайының бірегей өсімдіктер дүниесін зерттеуге қосылған маңызды үлес және Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым бөлімінің жоғары біліктілігінің айқын дәлелі.



