Экологиялық ағарту – ұлттық парк жұмысының маңызды бағыты
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орталық кеңсе мамандары Рыков атындағы орта мектеп оқушыларымен экологиялық кездесу өткізді. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру және экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында оқушыларға ұлттық парк аумағындағы жануарлар дүниесінің алуан түрлілігі, сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген аң-құстар туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, парк аумағында жүргізіліп жатқан табиғатты қорғау шаралары таныстырылды.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын фототұзақтарға түсірілген бейнематериалдар тудырды. Табиғи ортада еркін жүрген жабайы жануарларды көру балаларға үлкен әсер қалдырды.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің қоршаған ортаға деген жанашыр көзқарасын қалыптастырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың маңызын түсінуге ықпал етеді.
Экологиялық ағарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.



