AA+
AA+

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген британдық журналист Саксон Босуорт Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болып, өңірдің табиғи ерекшеліктері мен ұлттық парк қызметкерлерінің жұмысымен танысты.

Сапар барысында журналист ұлттық парк мамандарымен бірге Аршаты орманшылығының аумағын аралады. Мұнда ол мемлекеттік инспекторлар мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнделікті атқаратын жұмысын көріп, ерекше қорғалатын табиғи аумақты сақтау мен қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат алды. Аршаты орманшылығы – Катонқарағай ұлттық паркінің табиғаты ерекше аумақтарының бірі. Сапар кезінде британдық журналист Тарбағатай мен Оңтүстік Алтай тауларының тайгалық белдеуіне тән табиғи ландшафттарды көріп, өңірдің өсімдіктер және жануарлар дүниесімен танысты. Жұмыс сапарының тағы бір маңызды бөлігі ұлттық парк қызметкерлерімен өткен сұхбаттар болды. Саксон Босуорт мамандармен әңгімелесіп, олардың табиғатты қорғау саласындағы күнделікті қызметі, ұлттық парктің табиғи байлығын сақтау және осы аумақтағы жұмыс ерекшеліктері туралы материалдар жинады. Журналист сапар барысында алған мәліметтер мен сұхбаттарды Шығыс Қазақстан туралы дайындап жатқан мақаласында пайдалануды жоспарлап отыр.

Шетелдік журналистердің Катонқарағайға қызығушылығы өңірдің бірегей табиғатын, ерекше қорғалатын аумақтарды және табиғатты қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.