AA+
AA+

«Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ ұйымдастыруымен 06.02.2019 жылы сағат 1100, Аршаты ауылы, Аршаты орта мектебінде «Браконьерліктің алдын алу және қар барысын қорғау» атты семинар  өткізілді.

Аталмыш семинар жергілікті халықтың назарын  браконьерлікке  және Катонқарағай МҰТП аумағында мекендейтін  қар барысын қорғау мәселелеріне аудару, жергілікті халықтың, шекара қызметі мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің Катонқарағай МҰТП қызметкерлерімен бірлесіп өткізілетін шаралардағы іс-әрекеттерін нығайту, жергілікті халықты тәжірибелік табиғат қорғау қызметіне қатысуға жұмылдыру мақсатында өткізілді.

Семинар Катонқарағай МҰТП бас директоры Ж.Б.Тыныбеков және ұлттық парк қызметкерлері, Өрел ауылдық округ әкімі Е.Ә.Көбешов, Өрел шекара комендатурасының коменданты, майор А.Орынбеков, Аршаты ОМ ұстаздары мен оқушылары және жергілікті халықтың қатысуымен өтті.

Семинарда КМҰТП аумағында қар барысын сақтау мәселелері және браконьерлікпен күресу әдістері талқыланды. Семинар бағдарламасы үш бағыттан құралды: Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің мамандары Катонқарағай МҰТП аймағын мекен ететін Қазақстанның бірегей және ең сирек кездесетін жануары қар барысы туралы толық ақпарат берсе, жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің маманы А.Майлханова ұлттық парк аумағында орнатылған фототұзақтар туралы жалпы мәлімет, олардың мақсаты және орнатылуы туралы айтып берді. Аршаты орманшылығының орманшысы Ж.Аманбаев ұлттық парк аумағында браконьерліктің алдын алу және күресу әдістерімен танысырып өтті.

Семинар қатысушыларының ерекше қызығушылығын оятқан Аршаты орманшылығының инспекторы М.Омаровтың баяндамасы болды. Ол қар барысы мекендейтін аумақтармен жақсы таныс адам ретінде осы жұмбақ жануардың мінез-құлықтары мен өмір сүруі туралы өте қызықты деректер айтты.

Семинардың қорытынды бөлімінде Аршаты орта мектебінің директоры Ж. Садуов осындай семинарлардың өткізілуі оқушылар үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де өте маңызды екенін атап өтті.

Семинар қатысушылары ұлттық парк қызметкерлерінің қар барысының популяциясын зерттеу және сақтау саласындағы жұмысын, сондай-ақ браконьерліктің алдын алу мақсатында парк аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды өте жоғары бағалады.

Экологиялық ағарту және турим бөлімі