AA+
AA+

«Алтай» трансшекаралық резерваты жөніндегі аралас комиссияның XII отырысы өтті

Катонқарағай ұлттық паркінің орталық кеңсесінде Қазақстан–Ресей «Алтай» трансшекаралық резерваты жөніндегі аралас комиссияның XII отырысы өтті.

Отырыс барысында Катонқарағай ұлттық паркінің бас директоры Жанболат Тыныбеков пен Катун биосфералық қорығының директоры Александр Затеев бірлескен жұмыстардың қорытындыларын таныстырды. Кездесуде шекара маңындағы аша тұяқты жануарлардың көші-қонын зерттеу нәтижелері мен экологиялық ағарту іс-шаралары қаралды. Сондай-ақ табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіруге дайындықты арттыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша 2027–2028 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. Жоспарда ғылыми зерттеулер, экологиялық ағарту және табиғи аумақтарды қорғау салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыру көзделген.

«Алтай» трансшекаралық резерваты 2011 жылы Қазақстандағы Катонқарағай ұлттық паркі мен Ресейдегі Катун қорығының базасында құрылған. 2017 жылы бұл халықаралық аумақ ЮНЕСКО-ның трансшекаралық биосфералық резерваты мәртебесіне ие болды.