Бүгін Катонқарағай ұлттық паркінің орталық кеңсесінде бас директор Жанболат Батталұлы Тыныбековтың төрағалығымен 2026 жылғы өрт қауіпті маусымына дайындық мәселесіне арналған жұмыс жиыны өтті.
Жиын барысында Орман қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Аскабулов Алғадай Адайканович өрт қауіпті кезеңге дайындық жұмыстары туралы баяндама жасап, ұлттық парк аумағында орман өрттерінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту және дайындық деңгейін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесуге Катонқарағай ауданы әкімінің қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі көмекшісі Айбек Төлепбердинович Елчибеков, Катонқарағай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Алмас Серікұлы Серіков, сондай-ақ Катонқарағай орманды әуеден қорғау бөлімшесінің маманы Дмитрий Юрьевич Блинов қатысты. Жиналыс барысында мекеме мен төтенше жағдайлар қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, орман өрттерінің алдын алу, оларды ерте анықтау және жедел әрекет ету мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар өрт қауіпті маусым кезінде атқарылатын бірлескен шаралар мен дайындық деңгейін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.



