27 қыркүйек - Дүниежүзілік туризм күні 1979 жылы Испанияның Торремолино қаласында Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас ассамблеясының ІІІ сессиясында бекітілген. Мерекенің басты мақсаты - туризмді насихаттау, оның әлемдік қауымдастық экономикасына үлесін жариялау, түрлі елдердің халықтары арасындағы байланысты дамыту. Бұл мейрам әлем елдерінің көпшілігінде тойланып, туристер басқосуы ұйымдастырылып, мерекелік шаралар мен фестивальдер өткізіледі.
Дүниежүзілік Туризм күні – барша халықтың тарихи-мәдени құндылықтарымен танысып, таңғажайып табиғатпен сырласып, демалуына мүмкіндік жасайтын туристік қауымдастықтар мен саяхатты ұйымдастырушы кәсіби қызметкерлердің халықаралық мерекесі.
Қазіргі таңда туризмді дамыту мемлекетіміздің саясатының басты міндеттерінің бірі. Бұл салада біздің аймағымыздың мүмкіндігі аса зор. Себебі, Катонқарағайдың мақтанышы: өзен – көлдерімен әсем де сұлу табиғаты, ал Алтай бұрыннан әлемге аты әйгілі саяхатшылыр елі. Бұл өңірдің нулы орманы, биік таулары, жаңға шипа әртүрлі емдік шөптері, аң құсы кімнің де болса жүрегіне жылу ұялатып, көз тартары анық. Алыс – жақын шет елдерден келіп, табиғаттың тамашасына тәнті болып, таңдай қаққан туристер саны жыл сайын арту үстінде.
Ел аузында жыр болып жырланған, ән болып шырқалған жер жанаты – Катонқарағайға келген туристердің ұлттық парктың аумағында көптеген табиғи ескерткіштерді тамашалап, күнделікті өмір тіршілігінен бір демалып қайтуға мүмкіншіліктері бар.
Осы өңірдің барша байлығын сақтап, табиғи ажарын тоздырмай, келер ұрпаққа аман жеткізу біздің мақсатымыз және болашақ ұрпақ таңғажайып табиғатымызға тамсана алар деген үміттемін.