AA+
AA+


Мемлекеттік инспектордың басты міндеті:

Адам өмірі табиғатпен тығыз байланысты. Әсіресе, ауылдық жерде туып, туған жері мен еліне қызмет жасап жатқан азаматтар үшін бұл байланыс айқын байқалып тұрады. Неге десеңіз, жыл он екі айда қолданатын отын ағашын айтпағанда, қысы-жазы дастарханнан үзілмейтін жеміс -жидектерді де табиғат анадан аламыз. Міне, дәл осы жерде орман саласы қызметкерлерінің атқарар жүгі оңайға түспейді. Орман қорғау инспекторының әрбір күні орасан еңбектен басталады. Өрттің алдын алу мен табиғаттағы тазалықты сақтау, жабайы аң-құстарды азықтандыру, орман шаруашылығына зиян келтіретін құбылыстарға дайын болу сияқты жұмыстардың барлығын өз міндеттері деп санайтын инспекторлары таңмен таласа тұрып, өз қызметтеріне кіріседі. Себебі, әрқайсысының алдында орман қорғау ісіне деген үлкен жауапкершілік тұр. Бекітіліп берілген аумақтарының табиғатын көздің қарашығындай сақтап, әр ағашы мен тау-тасына дейін қызғыштай көріп, өз қамқорлықтарына алған. Оның дәлелі – күздігүні ұлттық парктің шекаралас аумағында адамзат салғырттығының кесірінен белең алған алапат өртті сөндіру кезінде аталмыш орманшылықтың әр инспекторы асқан құлшыныспен патриоттық сезім таныта отырып, күн-түн демей алғы шепте жүруі. Ауызбіршілік пен жұмыла кірісуіміздің арқасында тілсіз жауды жеңдік. Бұл да болса орманшылық ұжымының жұмыстан бөлек, адамгершілік қасиеттерінің жоғары екендігін көрсетеді.

Әр айналым инспекторы орман алқабын аралап, табиғаттағы өзгерістер мен құбылыстарды күнделіктеріне жазып алып, есебін жасайды. Шөп шабу, ағаш отырғызу, тұқым дайындау, құстарға ұя жасау сияқты көзге көрінбейтін жұмыстары да іш пыстырмайды. Тіпті, алты ай қыстың бетінде уақытпен санаспай, ауыл тұрғындарына мөлдектен ағаш босатып, отынмен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жыл сайынғы мектеп оқушыларымен өткізілетін «Парктер шеруі» акциясы мен дәстүрлі «Қар барысын қорғау», «Жер күні», «Құстар күні» сияқты мектеппен тығыз байланысты өткізілетін іс-шаралардыңда басы-қасында инспекторлар жүреді. Демек, машақаты көп, марапаты аз осынау мамандық иелерінен нағыз еңбек адамының бейнесін көреміз.

Медведка орманшылығының инспекторы : А.Жанузаков