AA+
AA+

Жаз – табиғат аясына демалуға шығатын мезгіл. Биылғы туристік маусымда аяқталуда, Катонқарағай ұлттық паркіне келген туристердің ең сүйікті орындары – Рахман қайнары, Қаракөл көлі, Ирек, Сарымсақты маршруттары және т.б. демалыс орындары. Өкінішке орай, осы жерлерде шоғырланған қалдықтар көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Өзен жағалаулары қоқыс орындарына айналған: арақ-сусындардан қалған бөтелкелерге, консерві құтыларына толған, полиэтилен дорбалар қаңбақша домалап, бұталар мен ағаштарды «әшекейлеп» тұр. Кейбір туристеріміз алдыңғы демалушылардан қалған қалдықтарды өздерімен бірге арнайы қоқыс тастайтын жерге дейін алып кетіп жатады, экологиялық мәдениеті жоғары келушілерге мың алғыс! Осы жылдың басынан бері мемлекеттік инспекторлар көлемі 2,9 тоннаға жуық қоқыс жинады. Есіңізде сақтаңыз: демалған жерде арнайы жәшіктер болмаса, қоқысты үйіп тастап кетудің қажеті жоқ. Ең дұрысы – қоқысты өзіңізбен бірге ала кету, сонда ғана келесі жолы демалысыңызды таза жерде өткізетін боласыз. Кең байтақ, бай әрі сұлу жерімізді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат ету – біздің қолымызда.